Әңгімені әлімсақтан бастасақ, адам зәузаты табиғат тылсымын ұғып, шикі асты құнарға, құр тасты құралға айналдыруды үйренген сәттен бастап, өзіне жайлы мекен жасауға бейімделе берді. Құмырсқаның илеу қазып, қарлығыштың ұя салғанын көрген арғы нәсіліміз баспана маңызын ұғына түсті.Тарих тамырына үңілсек, Африкадағы Олдувей шатқалында адамдар лава кесектерінен тегіс алаң жасап, алғашқы құрылыс әрекетін осыдан 1 млн 750 мың жыл бұрын жүзеге асырған көрінеді. Ал қазіргі қазақ даласындағы алғашқы құрылыс та тым ерте, біздің заманымыздан үш мың жыл бұрын Ботай қонысында басталған. Осы уақытта бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп, балшық пен ағаштан жасалған үйлерді тұрғызып үлгерген. Дәуір доңғалағы айналып, жаңа заманға жеткізген қазіргі күнде де еліміздегі құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Қала жаңарып, ауыл түлеп, инфрақұрылым кеңейіп жатқан тұста бұл саланың жүгін арқалап жүрген мамандардың еңбегі ерен.
Солардың бірі – Гайдар Жоламанов. Құрылыс саласында табан аудармай отыз үш жыл еңбек етіп келе жатқан ол – тек шебер маман ғана емес, өзінің еңбекқорлығымен де, қарапайым қалпымен де құрметке ие болған азамат. Қазір ол – BCN Group компаниясында бригадир. Оның қарамағында 23 адам еңбек етеді. Әрқайсысы Гайдардың ұқыптылығы мен талапшылдығына бой үйреткен мамандар.
Гайдар Жоламанов Шығыс Қазақстан облысы, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Арнаулы оқу орнын тәмамдаған соң, әскери борышын теңіз жаяу әскерінде өтейді. Кейін туған ауылына оралып, мектепте дене шынықтыру және еңбек пәнінен оқушыларға сабақ береді. Бірақ нарық қыспағы, тоқырау жылдарындағы жұмыссыздық пен қымбатшылық ауыл мұғалімін отбасымен бірге Алматыға жүр-жүрлейді. Қалаға келген азамат талай жұмыстың басын шалып көреді. Алайда біртіндеп құрылыс саласына ден қойып, соны өмірлік жолына айналдырады.
«Ұстаздық үйретпегенді мұқтаждық үйретеді» дейді қазақ. Құрылыс – бала кездегі арманым болмаса да, тұрмыстың қажеттілігі осы салаға алып келді. Қарапайым құрылысшының көмекшісі болып бастадым. Жұмыс қолайыма келген соң, орайы да келісті. Сөйтіп отбасымды асырадым. Әйелім, бала-шағам үшін қажымай еңбек еттім. Рухымды шираттым. Артынша бұл жұмыс өзіме де ұнап кетті. Осылайша бұл өмірімнің маңызды бөлшегіне айналды», дейді кейіпкеріміз.
Гайдардың бұл саладағы тәртібі мен талапшылдығы кездейсоқ қалыптаспаған. Ол мұның бәрін әскери қызметпен байланыстырады. «Әскерде жүргенде тәртіппен жүруге дағдыландым. Кейін ол қабілет құрылыс саласында көрінді. Балам да әскерде болғаннан кейін, құрылыста менің дағдыларымды өз бойынан көрсетіп жүр», деді білікті құрылысшы.
Бұдан кейін кейіпкерімізден құрылыс саласында ескеретін ең маңызды дүниенің не екенін сұрап көріп едік, жұлып алғандай «қауіпсіздік», деді Гайдар Жоламанов.
«Қатерлі жағдайлардың оннан тоғызы қауіпсіздік техникасын сақтамаудан шығады деп айтуға негіз бар. Құрылыс алаңында тәртіп болмаса, апаттың алдын алу қиын. Сол үшін қаталдық танытатын сәттер болады. Бірақ бәрі жұмысшылардың амандығы үшін», деп түсіндірді ол.
Гайдар Жоламановтың 23 жастағы ұлы Тимур да құрылыс саласында. Бала күнінен әкесінің жанында жүріп өскен ол да теңіз жаяу әскерінде қызмет етіп, кейін құрылысқа біржола бет бұрған. Қазір әкесінің жолын қуып, тәжірибесін игеріп келеді.
Сөйтсек, бұл отбасыдағы құрылысқа деген ықылас тек әке мен ұлға ғана тән емес екен. Гайдардың жары Елена Калиакберова да ұзақ жылдар бойы сылақшы болып еңбек еткен. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Бір қызығы – әкесі, анасы, баласы – үшеуі кейде бір құрылыс нысанында қатар жұмыс істейтін болған. Біз әзіл-шынымызды араластырып: «Аға, құрылыс жүйкені жұқартатын сала. Жұмыс барысында байқамай әйеліңізге не балаңызға бригадир болып ұрсып қоймайсыз ба?» деп сұрағанымызда, кейіпкеріміз күліп:
«Ондай да болған. Құрылыс санаға салмақ, жүйкеге жүк түсіретін жұмыс қой. Бірақ үйге жеткенде бәрі ұмытылады», деді.
Сонымен қатар Гайдар Жоламанов құрылыс саласындағы қазіргі жағдайды да ашық айтып отыр. Оның сөзінше, жастар бұл салаға көптеп келіп жатқанымен, көбі бұған уақытша жұмыс ретінде ғана қарайды.
«Біраз жас жігіттер құрылысқа табыс үшін ғана келеді. Себебі, өсу баспалдағы әлі жетіле қойған жоқ. Құрылысшылардың өздері салатын үйден өздеріне де пәтер бұйырса, нұр үстіне нұр. Сонда еңбекке деген ықылас артады, нәтиже де жоғары болады», дейді ол.
Иә, құрылыс – жай ғана мамандық емес. Ол – өмір салты, жауапкершілік пен табандылықтың үйлесімі. Гайдар Жоламановтың әулеті – осының дәлелі. Атадан балаға жалғасқан еңбек, бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның өркендеуіне қызмет етіп келеді. Қиындығы көп болғанымен, адамға баспана, елге келбет сыйлайтын бұл салада ықыласпен еңбек етіп жүрген жандар қашанда құрметке құрметке лайық.